Бүгін Ұлттық сараптама орталығының Басқарма төрағасы Ерлан Қиясов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің ұлттық офицері Бибігүл Аубакировамен және ұйымның төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі офицері Жания Нұрғалиевамен кездесті.
Кездесу жылы әрі бейресми жағдайда өтіп, Қазақстанның зертханалық әлеуетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына алғыс білдіруге арналды.
Ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі - Түркістан облысында Ұлттық сараптама орталығының заманауи вирусологиялық зертханасының ашылуы мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі. Жоба Қазақстанда 2023–2026 жылдары жүзеге асырылып жатқан Пандемиялық қор аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен іске асырылды.
Жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен қосқан үлесі үшін Ұлттық сараптама орталығының Басқарма төрағасы Ерлан Қиясов ДДСҰ өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.
«Қазақстанның зертханалық қызметін дамытуға көрсеткен қолдауы және қосқан елеулі үлесі үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Түркістан облысындағы жаңа зертхана - бұл заманауи инфрақұрылым ғана емес, өңірдің мүмкіндіктерін кеңейтуге, зертханалық диагностиканы күшейтуге және жалпы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды қадам», - деді Ерлан Қиясов.
Зертхананың ашылуы өңірдің зертханалық әлеуетін арттырып, Қазақстанның инфекциялық қауіп-қатерлерді уақтылы анықтау мүмкіндіктерін кеңейтеді.