28.11.2025
28 қараша күні Қарағандыда «Еңбекке қабілетті халықтың денсаулығын басқарудың инновациялық технологиялары: мультидисциплинарлық тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара кәсіби қауіп-қатерлердің алдын алу және зертханалық диагностиканы дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Ұлттық сараптама орталығы тарапынан Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Айнагүл Мусина баяндама жасап, зиянды өндірістік факторларға қатысты зертханалық диагностиканы дамыту мәселелерін қамтыды.
«Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау аясында түрлі тексерулер кезінде атмосфералық ауа, жұмыс аймағының ауасы және басқа да көрсеткіштер бойынша зертханалық бақылау жүргізіледі. Бұған қоса, санитариялық қағидалар жұмыс берушілерге аккредиттелген зертханалар арқылы өндірістік бақылауды жүзеге асыруды міндеттейді, бұл еңбек жағдайларының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Айнагүл Мусина.
Конференция қатысушылары Қазақстандағы кәсіби аурулар мәселесінің өзектілігіне тоқталып, бірқатар қызметкерлердің әлі де зиянды жағдайларда жұмыс істейтініне алаңдаушылық білдірді. Ең кең таралған қауіп факторлары – өндірістік шаң, химиялық заттар, шу, вибрация және қолайсыз микроклимат.
Өз кезегінде, ҰСО мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және өндірістік бақылау аясында атмосфералық ауаға, жұмыс аймағының ауасына және басқа да көрсеткіштерге зертханалық мониторинг жүргізеді.
ҰСО халықаралық стандарттарды сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Зертханалар ГОСТ ISO/IEC 17025-2019, СТ РК ISO 15189-2023 және СТ РК ISO 9001 стандарттары бойынша аккредиттелген. Ал ҰСО филиалдарының бірі ISO/IEC 17043-2013 стандарты бойынша қосымша аккредиттеліп, басқа зертханалардың біліктілігін бағалау сынақтарын өткізуге мүмкіндік алады.
Материалдық-техникалық базаны, кадрлық әлеуетті және әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру – ҰСО-ның басты басымдықтарының бірі. Бұл міндеттердің орындалуы санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, тәуекелдерге ден қою жеделдігін арттыруға және еліміздің барлық өңірлері үшін жоғары сапалы зертханалық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, ҰСО еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесін нығайтудағы негізгі рөлін растай отырып, Қазақстанның жұмыс істейтін халқының денсаулығын қорғауға айтарлықтай үлес қосуда.